Қызылорда облысында киік атуды кәсіпке айналдырып, сол арқылы пайда тауып келген тұрғындар ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Облыстық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде жойылып кету қаупі төніп тұрған киік жануарын заңсыз аулап, оның мүйізі мен етін өткізіп, қылмыстық жолмен қаражат тауып келген үш тұрғын құрықталды.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында 53 киік аңының өлі денесі, 12 мүйіз, тіркеуде жоқ 12 калибрлі аңшы мылтығы, пышақтар және жол талғамайтын екі автокөлік табылған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен, аса ірі залал келтіре отырып сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған киік жануарын, олардың бөліктерімен және дериваттарымен заңсыз иемдену, тасымалдау, өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.
Үш күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.