Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн казино түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады.
Ойындарға қатысу сайттарда жарияланған Telegram арнасында жарна төлеу үшін жасалған сілтеме арқылы іске асып отырған. Төлем карт шоттарға және электрондық әмиянға жіберілген, оны толтырғаннан кейін ойындарға қатысу үшін логин мен пароль жасақталған.
Бәс тігулер мен ұтыстарды төлеу шетелдік тұлғалардың карт шоттары арқылы жүзеге асырылып келген.
Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларының аумағында тінту жүргізіліп, оның барысында заттай айғақтар – ойын бағдарламалары бар ноутбуктер, шетелдік тұлғалар мен Қазақстан азаматтарына берілген банктік қосымшалары бар телефондар тәркіленді.
Агенттіктің мәліметінше, барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікке жалпы сомасы 167 млн теңгеге тыйым салынды. Ұйымдастырушылар мен қатысы бар тұлғаларға тиесілі екінші деңгейлі банктердегі барлық шоттарға тыйым салынды.
«Онлайн» құмар ойындары тәулік бойы жүргізіліп, күнделікті айналымы шамамен 800 000 теңгені құраған. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланылған карт шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.Оларға қатысты сот 2 ай мерзімге «қамау» бұлтартпау шарасына санкция берді.