Каратэден тағы бір жерлесіміз Азия чемпионы атанды. Малакка қаласында WKF каратэден ересектер арасындағы XIX Азия чемпионаты өтуде. Жарыстың екінші күнінде жерлестеріміз үшін сәтті өтті. Бір алтын, бір қола медаль еншіледі. Алпысбай Қайсар 60 келі салмақ дәрежесін бағындырды. Юлдашев Данияр 84 келі салмақта қола жүлдені қанағат тұтты. Айта кетейік, чемпионаттың алғашқы күнінде кумите бағдарламасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева (+68 кг) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанған болатын. Сондай-ақ, биылғы бәсекеге құрлықтағы 31 елден 400-ге жуық татами шебері жиналды. Бұл қатарда 19 қазақстандық бар.
Айта кетейік, үшінші мегшаполисте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарған боксшы Махмұд Сабырхан мен жеке жаттықтырушысын қабылдады. Шаһар басшысы оларды дүбірлі додадағы жеңіспен құттықтап, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледі.
Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер кілтін, ал жаттықтырушысына 5 млн теңге ақшалай сыйлық табыстады. Айта кетейік, Шымкент қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері клубының» спортшысы Махмұд Сабырхан 54 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Ол Венгрия, Үндістан, Гана, Куба елінің спортшыларын жеңіп, финалға шыққан болатын. Шешуші сәтте рингке өзбекстандық боксшы Ойбек Жураевты тізе бүктірді.
Әлем чемпионатында ҚР ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде олжалап, жалыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Жалпы алғанда елімізде спортқа жақсы көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ұлттық спортқа жанашырлық танытып, сан түрлі іс-шаралар өтуде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты қабылдаған болатын. Қабылдауда, 2025 жылға дейін жалпы 113 спорт нысаны салынатыны белгілі болды. Сонымен қатар министр Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы туралы айтты.
Бұдан бөлек, Президентке қазақстандық спортшылардың алдағы жазда өтетін Азия, Олимпиада ойындарына дайындығы және 2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндалды. Сонымен қатар, Президент бұқаралық спортқа қолдау көрсету және спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет екенін атап өтті.