Түркістан облысы, Жетісайда көршісін сазға отырғызып кеткен келіншек ұсталды. Оның жәбірленушіге келтірген шығын көлемі – 18 млн 130 мың теңге.
Облыстық Полиция департаментіндегілер алаяқтық қылмысы бойынша тағы бір ақпаратпен бөлісті. Ведомства мәліметінше, Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, көршісі Түркия елінен арзан бағада әйелдерге арналған алтын әшекей заттарын сатып әкеліп беретінін айтып әбден сеніміне кірген екен. Содан жәбірленушіден 16 130 000 теңге ақшасын және жалпы құны 2 000 000 теңгелік алтын әшекейлерін алдап алып кеткен.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті мен жәбірленуші көршілер болып шықты. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді департаменттегілер.
Ұсталған күдікті келіншек жәбірленушіден алған ақша мен әшекей бұйымдарды бас пайдасына жаратып жіберіпті.