Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны туыс қарындасының атынан несие рәсімдеп, сазға отырғызып кетті. Жәбірленуші әйел бұл туралы мүлдем хабарсыз болған. Банктен «900 мың теңге көлемінде несие алғансыз, қарыңызды төлеңіз» деген хабарлама келген кезде ғана төбесінен жай түскендей күй кешкен. Содан дереу полицияға арызданған. Жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінже күдікті ұсталды. Жәбірленушінің атынан тауарлай несие алып, қарыз еткен туыс ағасы болып шықты. Ол қарындасының сеніміне кіріп, оның ұялы телефоны арқылы түрлі байланыс құралдарына тапсырыс беріп, банк рұқсат бергеннен кейін өзінің мекен-жайын жазу арқылы алаяқтық жасаған.
«Күдікті ер адамның бұдан басқа 7 қылмыстық жайтқа қатысы бары белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі – 7 миллион теңге. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, полицейлер оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын анықтау үстінде» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.