Жетісу облысы Текелі қаласының полиция бөліміне 43 жастағы жергілікті тұрғын өзін бейтаныс адам тонап кеткендігі туралы арызбен жүгінді. Белгілі болғандай, кешкі серуен кезінде әйелге белгісіз адам шабуыл жасап, күш қолдану арқылы телефонын, 10 мың теңгесі мен жеке құжаттары бар әмиянды ашық түрде тартып алған.
Күдікті ретінде көрші ауылдың 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ер адам бұрын әртүрлі қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет сотталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті Талдықорғанда қонақ үйлердің бірінде ұсталып, Текелі қаласына жеткізілді. Сонымен қатар, полицейлер ұсталған күдіктінің 74 жастағы зейнеткерден ақша мен құжаттары бар әмиянды ұрлауға қатысы бар екенін анықтады. Қолма-қол ақшаны қоспағанда, ұрланған мүлік табылды және заңды иелеріне қайтарылды.
“Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі (тонау) және 188-бабы (ұрлық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған күдікті Текелі полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды” делінген Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.