Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Германия Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездесті.
Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстанның Германияны Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалог өзара түсіністік пен сенімге негізделе отырып дамып келеді. Соңғы жылдары жоғары деңгейдегі сапарлар белсенді түрде жүзеге асуда.
Мәжіліс төрағасы парламентаралық байланыстың саяси диалогтың маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті. Ол Анке Релингердің бұл сапары парламенттік ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Бундесрат Президенті Қазақстанда жүріп жатқан саяси реформалар мен экономикалық жетістіктерге қолдау білдірді. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында Германия үшін Қазақстан сенімді серіктес болып отырғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, климаттың өзгеруімен күрес, экономикалық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету бағыттарына Германия тарапы үлкен қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, логистика, өнеркәсіп және жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады. Мәжіліс депутаттары жаңа жобаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға дайын екендіктерін білдірді.