Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Ақтау қаласында тұратын ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram әлеуметтік желілерінде 850 мыңнан астам жазылушысы бола тұра, лотерея операторы ретінде тіркелмей, ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырған.
Олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделерді ойнатқан. Қатысушылар бұл лотереяларға 500 бен 50 000 теңге аралығындағы билет (цифрлық нөмір) сатып алып қатысқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, 1 800-ден астам адам осы лотереяларға қатысқан. Нәтижесінде заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 162 миллион теңгеден асқаны анықталған.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу амалдары жалғасуда.