Соңғы кездері, құмар ойындар мен бәс тігу бойынша жарнамаларды жиі көреміз. Өйткені, блогер мен жазылушылары көп сайттарда ашық жарнамалауға көшкен. Бұл барлық бала мен қартқа дейін қолжетімді. Оны көрген өскелең ұрпақ, оңай ақшаға қол жеткізгісі келеді. Тіпті, бір рет ұтысқа ие болған соң, соның сергелдеңіне қалай түсіп кеткенін байқамайда калады. Сондықтан, шаңырақ шайқалып, қолындағысының барын сататындар көбейген. Осындай, олқылықтардың алдын алу үшін, жауаптылар тиісті шараларды жүзеге асырмақ.
Мәселен, заң аясында келесі шараларды іске асырылады:
-Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады;
-Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі;
-Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі;
-Ойнау жасына жетпеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі;
-Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады;
-Заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады;
-Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді;
-Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.
Депутаттың айтуынша, заңда өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни, оны eGov.kz мобильді қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ.Сондай-ақ Ұлттық банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады.
“Сонымен қатар заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі, ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карталарына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі,” – деді Елнұр Бейсенбаев.