Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін жеткізді.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына арналған қойылымдарда күллі түркі халықтарына ортақ Көк бөрі бейнесі де көрініс тапты.
Көшпенділердің жан дүниесі – Табиғат Анамен айрықша үйлесімде дамыды. Сондықтан өздері мекен еткен жерді ерекше аялады. Табиғатты қастерлеу арқылы тіршіліктің тылсым сырының тереңіне бойлады.
Көшпенділер өркениеті мен рухани әлемі – адамзат санасының дамуына серпін берген тарихи құбылыс.
Айта кетейік, «Астана Арена» стадионындағы салтанатты іс-шараға 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Қазақстанның мәдени мұрасы, мемлекет дамуының маңызды белестері қамтылған қойылымды 20 мың көрермен тамашалады.