Мемлекет басшысы мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атады. Бұл ретте мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады деп хабарлады Ақорда.
Фото:Ақорда
– Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл жұмысқа зор үлес қосып келе жатыр. Қазақстан әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналды. Дүние жүзіне белгілі брендіміз бар. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі нығая түсті, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Chevron, ExxonMobil, CNPC, Eni, Shell, ЛУКОЙЛ, Total және Sinopeс сияқты жетекші әлемдік мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға ерекше ықпал етіп отыр.
– Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан бұл салада ашық және жан-жақты ойластырылған саясат жүргізу арқылы жаһандық экономикаға дендеп еніп, үлкен көлемде инвестиция тартып жатыр, – деді Президент.