Өскемендік полицейлер, бір отбасыны өрттен сақтап қалды.
«Түнгі патрульдеу кезінде ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері — Жанасыл Базарханов пен Жасұлан Оралбеков Согра кентіндегі тұрғын үйдегі өрттің алдын алып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Түнгі сағат екі шамасында Юннатов көшесін патрульдеу кезінде полицейлер жеке үйден шыққан түтінді байқайды. Күдіктеніп, бірден аулаға кірген олар үйден шығып келе жатқан ерлі-зайыптылар мен кішкентай қызды көреді. Сол сәтте үйдің ас бөлмесі өрт құшағына оранған еді. Жанасыл Базарханов жедел түрде өрт сөндіру қызметіне хабарласып, әйел мен баланы қауіпсіз жерге — қызметтік көлікке шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсете отырып, дереу жедел жәрдем шақырады. Ал Жасұлан Оралбеков қолда бар құралдармен жалынды сөндіруге кіріседі. Сол уақытта олар тағы бір күйік шалған азаматты қауіпсіз жерге шығарып, келген медицина қызметкерлеріне тапсырады. Үй ішінде басқа адам жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін, полицейлер екі газ баллонын тауып, оларды жарылыс қаупін болдырмау үшін дереу қауіпсіз қашықтыққа алып шығады. Бұдан кейін де олар өрт сөндірушілер келгенше тілсіз жаумен күресті жалғастырды»,-деп жазылған хабарламада.