Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарының барысы және өңірдегі вегетациялық кезеңді өткізу туралы баяндады.
Аймақ басшысы атап өткендей, биыл ауданы 4,4 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылы себіледі, оның ішінде астық – 3,3 млн га, майлы дақылдар – 760 мың га, мал азықтық – 392 мың га, картоп – 6,5 мың га, көкөніс – 1,3 мың га. Әртараптандыру аясында майлы дақыл алқабы 85 мың гектарға ұлғайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды.
Бүгінгі күні 274,5 мың тонна тыңайтқышқа немесе жоспардың 82,3%-на келісімшарт жасалды, 470 мың тонна кондициялық тұқым бар, 52,6 мың тонна элиталық тұқым сатып алынды. Сортты жаңарту 11,2%. 254 теңге/литрден 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
«12,3 мың бірлік техника жұмылдырылады, 100% дайын. Ерте қаржыландырудың арқасында диқандар егін егуге алдын ала дайындалды. «Кең Дала 1 және 2» бағдарламалары бойынша 70 млрд теңге қаржыландырылды. Өткен жылғы қарыздар бойынша берешек жоқ. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 11,2 млрд теңге қаржыландырылды, форвардтық сатып алуға 7,4 млрд теңге бөлінді», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сондай-ақ, ол көктемнің басында қар жамылғысының ерте еруі және көктемнің басында топырақта оң температураның тұрақты жиналуы бұршақ пен майлы дақылды ерте себуге қолайлы жағдай туғызғанын хабарлады. Егіс жұмысы сәуірдің соңында басталды, бұл оңтайлы агротехникалық мерзімге сәйкес келеді.