Шымкент қаласында ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған әлеуметтік маңызы бар нысан – колледж жатақханасының құрылысы жүргізілуде. Жоба қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып отыр.
Жаңа жатақхана 300-ге жуық сөйлеу және басқа да дамуы бұзылған балаларды заманауи әрі жайлы жатын орынмен қамтамасыз етуге бағытталған. Оқушылардың барлық қажеттіліктері ескерілген: медицина кабинеті, спортпен шұғылдану залы, тынығу бөлмелері және басқа да инфрақұрылым қарастырылған.
Қазіргі таңда ғимараттың қабырғаларын өрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, нысан Шымкент қалалық Білім басқармасына пайдалануға берілмек.
Жобаның жүзеге асу барысы мен құрылыс сапасы тұрақты бақылауда. Бұл бастама қайтарылған активтерді халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағыттау арқылы ел игілігіне пайдаланудың жарқын мысалы болып отыр.