Жамбыл облысында “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының сарбазы кеуде жарақатын алып, ауруханаға түсті. Қазіргі таңда, ол Қордай орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Айта кетейік, жағымсыз жағдай 9 маусым күні орын алған. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сарбаздың жағдайы ауыр.
“Науқас 9 маусым күні Гвардейск әскери госпиталінен жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Қордай орталық аудандық ауруханасына “полисегментальды пневмония” диагнозымен жатқызылды. Науқас клиникалық өлімді бастан кешкен. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өте ауыр, көптеген мүшелер жеткіліксіздігі байқалады. Атап айтқанда, тыныс алу, жүрек, бауыр, церебральды және инфекциялық токсикалық шок белгілері бар. Гемофильтрация және дәрі-дәрмекпен емделеді”, — делінген хабарламада.