Биыл 7 наурызда Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған Машрапбек Баратов, тар қапасқа қамалды.
Сот үкіміне сәйкес, Баратов 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған 2023 жылы қозғалған іс бойынша тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасы осы үкіммен біріктірілді. Нәтижесінде жаза мерзімі 11 жыл болып белгіленді.
Еске сала кетейік, оқиға 2024 жылдың 7 наурыз айында күндіз орын алған болатын. Ер адам, Алматы халықаралық әуежайына билетсіз кіріп, басқа қалаға ұшпақ болған. Әуежай қызметкері одан құжат сұрағанда, Баратов қызметкерді ұстап алып, пышақпен қорқытып, ұшу аймағына қарай бет алған. Ол сөмкесінде жарылғыш зат барын айтып, әуежайды жарып жіберемін деп қоқан-лоққы көрсеткен.
Кейін, оқиға орнына арнайы жасақ келіп, ер адам қолға түсті. Тергеу нәтижесінде оның сөмкесінен бомба табылмаған.
Сот бұл әрекеттерді аса қауіпті қылмыс ретінде бағалап, ауыр жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.