Құқықтық тәртіп әскерінде сарбаздардың қоғам қайраткерлерімен, атақты спротшылармен кездесуі дәстүрге айналған. Бұл жолы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы ұландық жауынгерлер бокстан аты аңызға айналған, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы олимпиада чемпиондарының бірі – Балқаш жолбарысы Василий Жировпен жүздесті деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионымен кездесу «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асты. 5571 әскери бөлімінде өткен шараға 300-ден аса сарбаз қатысты.
Балқаш жолбарысы биік белестерді бағындыру жолында талай кедергілер мен қиындықтарға тап болғанын, тек ерен еңбектің арқасында бәрін еңсере білгенін асықпай отырып баяндап берді. Биік армандарға жетудің жолдарымен бөлісіп, салауатты өмір салтын ұстануға да шақырды. Сарбаздар тарапынан қойылған сауалдар да жауапсыз қалмады.
«Кез-келген спорт түрі қатаң тәртіпті талап етеді. Жігіттер, сендерге айтарым тәртіпке қол жеткізіп, тек биік белестерді бағындыруларыңды тілеймін», – деді Василий Жиров.
Олимпиада чемпионы ұландық сарбаздарға өзінің қолтаңбасы қойылған боксерлік қолғабы мен фотосуреттерін естелікке тарту етті. Ал, басшылар болса, спортшылармен кездесу, біздің жас сарбаздарға құлшыныс сыйлайды деп отыр.
«Жировтың әңгімесін зейін қойып тыңдаған сарбаздар ерекше рухтанып, бұл кездесуден үлкен әсер алғандарына сенімдімін. Василий Жиров – халқымыздың мақтанышы, өзінің еңбегімен және табандылығымен әлемнің спорт аренасында Қазақстан туын желбіреткен спортшы. Вел Баркер кубогының иегерін шақырудағы біздің мақсатымыз – сарбаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Болашақта шың басына шыққысы келетін сарбаздарға аға буын өкілдерінің осындай ақыл-кеңесі ешқашан артық етпейді. Керегін түртіп алып, қажетіне жаратады. Сондықтан біз бұл игі дәстүрді жалғастыра береміз», – дейді тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Арман Сеитов.
Кездесу соңында қонаққа құрмет көрсетіліп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевтің атынан алғыс хат табысталды.