«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша Жайық өзенінде судың 2-2,5 есе көтерілуі мүмкін.
“Жайық өзені ағынының жоғарғы бөлігіндегі бақылау деректеріне негізделген «Росгидрометтің» болжамына сәйкес, биыл көктемгі тасқында судың деңгейі 2023 жылғы орташа көпжылдық мән мен көрсеткіштен 2-2,5 есе асады”,- делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Орал су қоймасында су тасқыны 0,36-дан 0,46 текше шақырымға дейін болады деген болжам бар. Бұл – өткен жылдың көрсеткішінен 9 есе көп дейді мамандар. Бұдан бөлек, Ириклин, Сақмар-татар Қарғалы су қоймаларында су деңгейі көтеріледі деген болжам жасалды.
“Қазақстан аумағында Орал-Көшім (Батыс Қазақстан облысы) гидропосты бойынша өзен биыл 7-12 сәуір аралығында тасуы мүмкін. Орал-Көшім учаскесіндегі көктемгі су тасқынының көлемі 11-ден 15 текше шақырымға дейін болады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір асып түседі және рекордтық мәнге жақындайды”,- делінген хабарламада.
Бұл көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір көп дейді мамандар.