Мемлекет басшысы Атырау облысына жұмыс сапары аясында Абай атындағы орталықтың жұмысымен танысты.
Президент орталықта белгілі тұлғалардың домбырыларынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады.
Көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған Абай Құнанбайұлы, Дина Нұрпейісова, Махамбет Өтемісұлы сынды тарихи тұлғалардың, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің, композитор, жазушы Ілия Жақановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Рысбай Ғабдиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Әзидолла Есқалиевтің, Әсима Ізмұхамбетованың, Айгүл Үлкенбаеваның және басқа да өнер қайраткерлерінің домбыралары қойылған.
Абай орталығында оқушылардың үйірмелерге қатысып, өнер түрлерін үйренуіне жан-жақты жағдай жасалған.
Президент «JasSpace» STEM зертханасында жасалған жобалармен, бұйымдармен танысты. Сондай-ақ бір топ жас домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.
– Бәрекелді! Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Сондықтан нағыз қазақ әрқашан осындай болуы керек! – деді Президент.
Жиын соңында Абай орталығына Елбасының атынан автобус сыйға тартылды.