Бір ай ішінде Шымкентте 18 есірткі қылмысы анықталды, оның сегізі – есірткінің заңсыз айналымы, 10-ы – оны заңсыз өсіру дерегі бойынша. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Ақшораев мәлімдеді.
Бүгін Жастар ресурстық орталығында Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған шара өтті. Оған Шымкент қалалық полиция департаменті, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен психикалық денсаулық орталығының мамандары, қала тұрғындары, белсенді жастар қатысты.
Бір айлық профилактикалық жұмыстың қорытындысы шығарылып, нашақорлық пен есірткі бизнесіне тосқауыл қою мақсатында салауатты өмір салтын насихаттауда белсенділік танытқан мамандар марапатталды.
«Бір ай ішінде республикада нашақорлық пен есірткіні тұтынуға, сатуға қарсы күрес бойынша арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай акция тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жүргізілді. Іс-шара өткізілген бір ай ішінде 18 дерегі анықталды. Оның ішінде сегізі – есірткі сату фактісі бойынша, 10-ы – оларды заңсыз өсіру дерегі бойынша. Сондай-ақ басқа облыстардан есірткі тасымалдау фактілері де тіркелген. Заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында жастармен кездесулер өткізіліп, оларға салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны, адам өміріне қауіптілігі түсіндірілді», – деді Арман Оңғарұлы.
Келген әрбір адам жасырын түрде АҚТҚ-ға экспресс-тест тапсыра алды. Мамандар 15-20 минут ішінде сараптамадан өткен адамға нәтижесін хабарлады.
«Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары нашақорлықпен күресу жұмыстарымен таныстырады, оның әсерінен зардап шеккен адамдардың тағдыры туралы әңгімелейді. Шымкент қаласында алкоголь мен нашаға тәуелді 6 мың азамат есепте тұр. Орталықтағы 460 төсек-орынның 230 орны нашақорлық пен алкоголизммен ауыратын науқастарға арналған», — дейді психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Шарада қалалық полицияның жедел әрекет ету жасағы өз дайындықтарын көрсетті, сонымен қатар, департаменттің кинологиялық қызмет көрсету орталығының мамандары қызметтік иттердің жұмысымен танысты.