Сөзі мен мағынасы құлаққа түрпидей тиетін әнді орындап, әп-сәтте көпке танылып шыға келген әнші Алина Шакиева ел сынына қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы ол «Қазақстан» ұлттық арнасында «1001» бағдарламасында айтып берді. Айтуынша, өзі шырқаған ән хит болып кетеді деп күтпепті.
«Хит болғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. Әрине, ол үшін мен қуаныштымын. Халық ол әнді тыңдап жатыр… Менде ән ТікТок-қа шығып, таралып кетсін деген мақсат болған жоқ. Бастысы, адамдарға ұнап жатыр. Маған хабарласқандар солай айтты»,-дейді әнші.
Алина Шаикева тележүргізушінің «ел неге талқылап жатыр деп ойлайсыз?» деген сауалына күтпеген жауап берді.
«Мен ойлаймын, ол әннің сөзі, әні адамды тартады. Сондықтан талқылап жатыр деп ойлаймын. Негізі бұл ән менің екінші әнім. Бес жыл бұрын «Мен аялаймын» әнін орындап, бейнеклип түсіргенмін»,- деді ол.
Әнші қазақ тіліне неге шорқақ екенін де түсіндіріп берді. Ол Ресейдің Мәскеу қаласында дүниеге келіп, сонда өскен. 17 жасында Қазақстанға қоныс аударған. Анасы әлі күнге дейін Ресей елінде тұрады екен.
«Ұйқым келмейді» әнін жарыққа шығармай тұрып, оны алдымен анасына, бауырына және жолдасына тыңдатқан екен. Айтуынша, олардың қазақшасы әжептеуір.
«Мен өз ана тілімді қатты құрметтеймін, жақсы көремін. Мен ойлаймын, кез келген адам өз ана тілін білуі қажет. Қазіргі таңда кәсіби деңгейде қазақ тілін үйренуге тырысып жатырмын. Арнайы мамандарға барып, сабақ алып жүрмін»,- деді әнші.
«Ұйқым келмейді» әнін орындаушы жолдасы екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр. Мамандығы бойынша – заңгер. Бірақ бұл салада еңбек етіп көрмеген. Бала күнінен ән айтып, сахнада өнер көрсетуді армандаған.
«Егер адам қатты армандаса, арманы орындалады. Ерте ме, кеш пе сол арманға жетеді. Менің демеушім жоқ, бәрі таза еңбекпен» деген ол тележүргізушінің «ауқатты отбасыдан шыққансыз ба?» еген сұрағына «иә» деп қысқа ғана жауап берді.
Алина Шакиева өз сөзінде үшінші әнін жарыққа шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Бағдарламаға сарапшы ретінде қатысқан танымал ақын Серікзат Дүйсенғазин ол әннің мәтінін қарап беруге келісті. Қажет болса, тіпті әннің мәтінін жазып беремін деп отыр.
Еске салсақ, біз бұған дейін «Қош бол деп айттың, тағы да бірдеңе дедің» деп ән салған Алина Шакиеваны ел қызу талқылап жатқаны туралы жаздық.