Балаларды қорғау күніне Шымкентте ауқымды бағдарлама дайындалды. Таңғы 11-ден бастап қаланың кішкентай тұрғындары ойындарға қатысып, концертті тегін тамашалай алады, деп хабарлайды elitar.kz тілшісі.
Сағат 11:00-де «Түркістан» сарайының ғимаратында мерекелік концерт өтіп, Шымкентте ашылған еркін үйірмелердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ARTSPORT жобасы аясында бүкіл Қазақстан бойынша дарынды балалар оқитын тегін білім беру орталықтары құрылды.
Сағат 11.30-да Әл-Фараби алаңында «Балалардың игілігі үшін» республикалық акциясы аясында мерекелік шара өтеді.
Алаңда балалар шығармашылығына арналған «Бақытты балалық шақ» бөлімінде жарқын суреттер салу үшін 500 метр жер бөлінеді. Сол жерден 100 мольберт қойылған «Әлем балалар көзімен» атты сурет көрмесін тамашалауға болады.
Ғимараттың өзінде, фойеде баланың дағдылары мен шығармашылығын дамытудағы үздік әзірлемелерді ұсынатын «Бәрі балаларға арналған» бөлімі болады:
— «Зияткер ұрпақ-бизнес балалар» балалар академиясының жұмысы
— «Монтессори» мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту;
— «Мектеп оқуға құмар» жобалық жұмыс;
— пікірталас, пікірталас клубының жұмысы;
— өзін-өзі басқару жұмысы;
— Үздік шахматшылар клубының жұмысы.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен 2022 жылға Балалар жылына арналған қалалық білім бөліміне қарасты мекемелердің оқушылары арасында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, түрлі спорттық сайыстардың және шығармашылық өнер байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.