Мәншүк Мәметова жайлы балалар да біледі. 20 жасында Отан үшін күресіп, қаза болған, ерлігімен қазақстандықтардың жүрегі мен жадында мәңгі қалған Ұлы Отан соғысының Батыры. Ол Кеңес Одағының батыры атағы берілген тұңғыш қазақ қызы. Оның есімімен Шымкентте көше мен мектеп аталған.
Мәншүк Мәметова 1922 жылы 24 қазанда Бөкей Орда ауданының Жиекқұм ауылында дүниеге келген. Туылған кезде оған Мәнсия есімі берілген. Араб тілінен аударғандағы мағынасы — «атақ» . Қызына бұл есімді қойғанда ата-анасы ол ұзақ та, жарқын өмір сүріп, ұрпақтары жадында ізі қалады деп сенген. Алайда, тағдыры басқаша шешті.
Бүр күні Мәншүктің ата-анасының үйіне үлкен туыстары – Әмина апай мен Ахмет ағай келген. Атақты инфекционист-дәрігерлердің баласы болмаған, сәби сүюді армандаған. Олар кішкентай Мәншүкті бір көргеннен жақсы көріп қалған. Сондықтан, қыз баланы асырап алғысы келетінін айтқанда (қазақтарда бірінші баланы үлкендердің тәрбиесіне беретін дәстүр бар – автордың ескертпесі), Мәншүктің ата-анасы мұндай отбасында қызы лайықты білім мен тәрбие алып, болашағы жақсы болатынына сеніп, еш күмәнсіз бере салған.
Асырап алған анасы қыз баланы жақсы көргені сонша, оны еркелетіп «Моншақ», «Моншағым» деп атаған. Нұсқалардың бірінде қыз Моншақ деген сөзге тілі келмей, Маншүк деп айтқан делінеді. Бұл есім ақыры құжаттарда қалды. Инфекционист-дәрігерлер үшін сол жылдары жұмыс көп болып, отбасы Саратов, Маңғышлақ облыстарына көшіп-қонып жүрген. Кейін Ахмет Мәметовты Оралдағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы етіп тағайындаған (Мәметовтердің Оралдағы үйінде қазір Мәншүк музейі бар). 1930-жылдардың ортасында отбасы Алматыға көшіп келген, Мәншүк мұнда жұмысшылар факультетін, медициналық институттың екі курсын бітірген. Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңсесінің аппаратында төраға орынбасарының хатшысы болып жұмыс істеген.
Қиындық күтпеген жерден келді. 1938-жылы Мәншүкті асырап алған әкесі Ахмет Мәметовты Алаш Орданың батыс қанатының бұрынғы қайраткері ретінде тұтқындап, көп ұзамай атылды. Туыстары оның тағдыры туралы ұзақ уақыт білген жоқ. Әмина ана Мәншүкке анкеталарға туған ата-анасының аты-жөнін жазуды кеңес берген:
«Бәріне сенің туғандарың – әкең Жиенғали, анаң Тойылша деп айт! Олар Ордада қайтыс болды деп айт!», — деген.
Бірақ, Мәншүк әкесінің жазықсыз екенін сеніп, тегін ауыстырған жоқ, әкесінің адал аты үшін күресуден тайсалмады. Әкесіне жала жабылғанын дәлелдеуге тырысып, Сталинге үш рет хат жазған. Сол шақта Мәншүктің туған әкесі Ордада бидай ұрлады деп айыпталып, түрмеде көз жұмған.
Қызыл Әскер қатарына қыз 1942 жылдың қыркүйегінде алынған. Әуелі 100-ші Қазақ жеке атқыштар бригадасына штаб хатшысы болды, кейін медбикелікке алынды. Қызметімен қатар, Мәншүк зеңбірекшілер курсын аяқтап, саптық бөлімге зеңбірек есебінің бірінші нөмірі болып тағайындалды.
1943 жылдың 15 қазаны. Невель қаласы. Ол 20 жаста еді. Невель басқыншылық операциясы кезінде өмірі үзілді. Мәншүк басынан ауыр жарақат алып, қиналса да қарсыластардың 70 әскерінің көзін құртып кетті. Батыр қыз сол жерде, Невельде жерленді.
Кеңес Одағының Батыры атағы гвардияның аға сержанты Мәншүк Мәметоваға Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1-ші наурызында берілді. Ол бұл жоғарғы атаққа ие болған Қазақстанның тұңғыш қызы.
Шымкентте Мәншүк Мәметованың құрметіне №35 мектепке және оңтүстіктен солтүстікке 1625 шақырымға созылған көшеге Мәншүк есімі берілді. Көше Қонаев, Жібек жолы даңғылдарымен, Адырбеков, Аймауытов және Сасбұқаев көшелерімен қиылысады.
№35 мектеп ауласында батырға арналған қою-қызғылт түсті граниттен жасалған үлкен мүсін бар. Әр оқушы оның мектебі батыр қыздың ерлігі құрметіне қойылғанын біледі. Мәңгі өмір сүру үшін, Отан үшін, өмір үшін, ұрпағының аспаны бейбіт болуы үшін ерлікпен қаза тапқан қыз …