Бүгін Шымкентте таңғы сағат 10-да Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына, сайлау учаскелерін дайындау бойынша семинар өтті. Іс-шараға 68 учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары және Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының инженер-қызметкері Д.Айтмұратов қатысты. Аталмыш семинар Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы білім беретін орта мектебінің базасында өткізілді. Кездесу барысында сайлау учаскелерін президенттік сайлауға дайындаудың жалпы мәселелері талқыланды. Ұйымдастырушылар Қаратау аудандық сайлау комиссиясының жұмысына ризашылығын білдірді. Сөздеріне сүйенсек, бүгінге дейін барлық сайлау учаскелері ақпараттық жұмыстарды жүйелі жүргізген.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдаған болатын. Ол өз сөзінде, кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды.
«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі. Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын.. »»»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.