Шымкент қаласында қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Құрсай елді мекенінде су жинау резервуарының және сапалы ауыз су беру жүйесінің құрылысы жалғасуда. Бүгінгі таңда жұмыстардың 95 пайызы орындалды. Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған елді мекенде құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Бірінші кезең бойынша 185,5 км су құбыры желілерінің құрылысы 95% — ға аяқталды. Екінші кезең бойынша 151 шақырым су құбыры желілерін орнату қажет. Мұнда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. «Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне ауыз су беру мақсатында жобада 1000 м3 су жинайтын екі резервуар салу көзделген. Резервуарлардан ауыз су абоненттерге екі сорғы станциясы арқылы беріледі. Қазіргі таңда резервуардың қабырғалары толып жатыр. Жоспар бойынша ағымдағы құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталады. Демек, құрсайлықтар, жыл соңында ауыз суға қол жеткізбек.
Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінің тұрғындары ауыз суды кесте бойынша тұтынады. Алайда жыл соңына дейін 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Олардың ішінде жыл соңына дейін Нұртас шағын ауданындағы Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендерінде және су резервуарында құрылыс жұмыстары аяқталады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші ағымдағы жылы 98 пайыздан 99 пайызға дейін артады. Айта кетейік, қазір Шымкент қаласының 81 елді мекенінің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Аталмыш мәселе 2023 жылдың соңына дейін толығымен шешіледі деп күтілуде. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қласының тұрғындары 2023 жылға қарай 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек.