Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Шымкентке жұмыс сапары барысында «Тұран» және «Асар-2» шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым жүйелерін тексеріп, «Нұршуақ» тұрғын алабындағы «Водные ресурсы – Маркетинг» ЖШС-нің су тазарту нысанының жұмысымен танысты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, сапар барысында Еркебұлан Дауылбаев үшінші мегаполис тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
«Қабылдауға төрт адам: жобалаушы Д.Пак, кәсіпкер Б.Сәдуақасов, Шымкент-сити және Асар-2 шағынауданының тұрғындары Т.Қараменов пен Т.Шынәсілов жазылды. Азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстары құрылыс саласына арналған темір-бетон бұйымдары өндірісін дамыту, жаңа тұрғын үйлерге кепілдік беру нормаларына өзгерістер енгізу, Тұран және Асар-2 шағын аудандарын инженерлік желілерге қосу, сондай-ақ қалалық кәріз жүйесін дамыту мәселелерімен байланысты, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. — Вице-министр барлық өтініштер бойынша түсініктемелер берді. Өтініш берушілер қабылданған шаралар мен проблемалық мәселелерді шешу динамикасы туралы хабардар етілді. Еркебұлан Дауылбаев құрылыс нысандарының құрылымдарына, жабдықтарына, бұйымдарына және басқа да бөліктеріне жеке кепілдік мерзімдерін енгізу туралы ұсынысты қарастыруға уәде берді».
Мұнан соң вице-министр Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары мен жергілікті атқарушы органның бөлім басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дауылбаев қаладағы тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудағы оң динамикаға тоқталып, сонымен қатар уәкілетті органдардың бірқатар кемшіліктері мен оларды сапалы жою қажеттігін атап өтті.
Шымкенттің проблемаларының қатарында құрылыстың кешігуі және Тұран шағын ауданындағы жұмысшы жастарға арналған алты үйдің аяқталмай қалу қаупі, сондай-ақ жоба құнының қымбаттауына байланысты жеті мемлекеттік нысанның (көп пәтерлі тұрғын үйлер мен кәріз жүйелері) құрылысының тоқтап қалуы бар.
«Әкімдік бюджеттік жоспарлауды және жобаларды жүзеге асыруды сапалы қамтамасыз ету, сондай-ақ нысандардың, әсіресе мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын нысандардың құрылыс барысын дұрыс бақылау бойынша шаралар қабылдауы қажет. Сонымен қатар, қаржыландыру мәселелерін шешу үшін ЖСҚ әзірлеуді қамтамасыз ету және «Градкадастр», «Е-Шаңырақ» АЖ және eQurylys геопорталдарын толтыруды ұйымдастыру қажет», — деді Дауылбаев.
Шымкенттің тағы бір күрделі мәселесі – тұрғындардың кәріз желілеріне қосылу деңгейінің төмендігі. Қазір ол 52 пайыз деңгейінде, яғни шымкенттіктердің 48 пайызы орталық кәріз жүйесіне қол жеткізе алмай отыр. Вице-министр қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету үшін қала әкімдігіне тұрғындарды кәріз желілеріне қосу жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті.