Шымкентте 2236 көпқабатты үй бар, оның 124-і МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) жүйесіне көшті, қалғандары ЖС (жай серістестіктің) оң және теріс жақтарын таразылауда. Қазақстан Республикасының Парламенті кондоминиум объектісін басқарудың жаңа формасына көшу мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартуды көздейтін заңнамаға түзетулерді мақұлдағанымен, пәтер иелері кооперативтері бәрібір жойылуы керек. Басқару нысандары туралы толығырақ осы материалда оқыңыз.
Биылғы жылдың наурыз айында Қазақстанда 35 806 жылжымайтын мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік құрылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі басқарудың жаңа нысандарының басым бөлігі Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Шымкентте екенін атап өтті. Бүгінге дейін Шымкентте 124 үй мүлік иелері бірлестігі жүйесіне көшкен.
Мүлік иелері бірлестігінде тұрғындар төрағаны таңдап және оның, сондай-ақ бухгалтердің қызметін төлеуі қажет. Мұның бәрі ай сайынғы жарналармен қамтамасыз етіледі, МИБ төлемдері жоғарырақ болады. Сондай-ақ, бұл басқару жүйесі Әділет департаментінде тіркеліп, өз жарғысы болуы керек.
ЖС – жай серіктестік, мұнда пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері азаматтық-құқықтық шарт негізінде үйді бірлесіп басқаруға және оны ұстауға міндеттенеді. Төрағаның орнына сенімді тұлғасы бар ЖС жұмысты үнемділік және оңтайландыру принциптеріне сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді. Ал, МИБ коммерциялық емес ұйым түріндегі заңды тұлға болып табылады.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда МИБ-ті тіркеу үшін екі немесе одан да көп пәтер иелерінің өтініші жеткілікті, бірақ МИБ формасындағы басқару нысанын таңдау үшін жиналыс өткізіліп, оған пәтерлердің немесе үй-жайлардың иелерінің кемінде 50%-ы қатысқаны туралы хаттама талап етіледі.
Жас серіктестікті тіркеу кезінде банктік шот ашу, сенімхат нотариалды куәландыруды қажет етпейді, бұл сенімхаттың өте қарапайым түрі болады. Сенімхат үш айдан бір жылға дейін берілуі мүмкін, бірақ сенімді адам бір жыл мерзімге сайланатынын білу маңызды. Осы кезеңнің соңында сенім білдірілген адам қайта сайланады немесе ауыстырылады.
Айта кету керек, МИБ құру үшін жалпы жиналысқа немесе сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбінің, яғни барлық пәтер иелерінің кемінде 26% келісімі қажет. Ал, ЖС құру үшін үй тұрғындарының 100% келісімі қажет. Олардың әрқайсысы сенімхат беріп, бірлескен қызмет туралы келісімге қол қоюы керек.
Күрделі жөндеуге ақша жинау үшін пәтер иесі ай сайын жинақ шотына бір шаршы метрге кемінде 0,005 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша аударуы қажет. Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттар кондоминиум объектісін басқару мен ұстаудың ең төменгі тарифін бекітуі керек. Осылайша, депутаттар бір шаршы метрге 25 теңгеден ең төменгі мөлшерлеме белгілесе, онда тұрғындар жиналыста бекіткен тариф осы көрсеткіштен төмен болмауы керек. Әр аймақтың өзіндік сараланған алымы болады, одан аз төлей алмайсыз.
Жалпы, жаңашылдықтар көпқабатты үйлерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында айтылғандай, МИБ және ЖС пәтерлер мен басқа да тұрғын емес үй-жайлар иелерінің мүдделерін жақсырақ қорғайды.
Қазір үйлерінде ПИК бар тұрғындар техникалық қызмет көрсету үшін белгілі бір соманы төлейді, содан кейін ПИК жөндеу жұмыстарына, үйді күтіп ұстаудың басқа қажеттіліктеріне қаражат бөледі. Кооператив үйді, ауданды, ауланы абаттандыру секілді қосымша қызметтерді де көрсете алады. Ол үшін ПИК бұл туралы тұрғындардың жалпы жиналысында айтып, келісімін алу арқылы қосымша қаражат жинайды. Ай сайын ақша не үшін жиналатынын білу үшін әрбір тұрғын жиналысқа қатысуы керек.
ПИК міндеттеріне жылу желілерін, су құбырларын, кәрізді, электр желілерін ағымдағы жөндеу және қызмет көрсету кіреді. Ағымдағы жөндеуге ағымдағы шатырды жөндеу, кіреберістегі жөндеу — сынған әйнектерді, есіктерді, қоршауларды ауыстыру кіреді. Бес жылда бір рет кіреберістің қабырғасы мен төбесі сыланып, сырлануы керек.