Шымкентте Абай саябағында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының ашылуы өтті. Ашылу салтанатына қалалық ішкі саясат және жастар ісі бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен жастар қатысты. Шара концертпен жалғасып, онда шымкенттік өнерпаздар өнер көрсетті.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қалалық ішкі саясат және жастар ісі бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы әуел бастан-ақ оң нәтижесін беріп келе жатқанын атап өтті. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл бағдарлама аясында 1313 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.
«Осы бағдарлама аясында еңбек жасақтары құрылды. Бұл жерде жастардың жұмыс тауып, жалақы алуы ғана емес, олардың патриоттық тәрбиесі де маңызды. Өйткені, сіз, өскелең ұрпақ, туған шаһарыңыз Шымкенттің тазалығы мен көркейуіне үлес қосып келесіз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!». – деді Мөлдір Кеуенова.
«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы негізінде қабылданған болатын. Сол жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының республикалық штабы өз жұмысын бастады. Бағдарлама жұмыссыздықты азайтуға, экологиялық және патриоттық тәрбиені насихаттауға, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Осы жылдар ішінде бұл бағдарлама көптеген жастарды шабыттандырды. Қазақстанның әр аймағында республикалық штабтың бөлімшелері ашылып, күні бүгінге дейін жұмысын жалғастыруда.