Суда құтқару қызметінің қызметкері Бауыржан Райымқұловтың ағаштан суреттер мен бұйымдар жасау шеберлігі таң қалдырады.
Сүңгуір-құтқарушының жұмысын тіпті үшінші мегаполистің емханасы — облыстық клиникалық ауруханадан көруге болады. Оның суреттері емдеу мекемесінің дәлізіне ілінген және медицина қызметкерлері мен науқастардың көзін қуанышына айналған. Шебер ешқашан арнайы үйірмелерге бармағанын және жоғары оқу орнын бітірмегенін айтты. Қолыма материал алған кезде қиялыма ерік беремін, дейді ол.
«Мен бала кезімнен суретті жақсы саламын. Ата-анам бұл өнерімді байқап, бізбен көрші тұрған суретші апайға менімен айналыс деп қолқа салған. Ол кезде Шардарада тұратынбыз. Көршім маған қарындашпен сурет салу техникасын үйретті. Әскерден келгеннен кейін мені жергілікті суретшілер байқап, олар кейінірек кескіндеме техникасын меңгеруге көмектесті. Ол жылдары суретші мамандығы сұранысқа ие емес еді», – дейді Бауыржан.
Бауыржан Райымқұлов қылқаламмен ғана дос емес, ол кәдімгі шоколад фольгасынан таңғажайып дүниелер жасайды, ал оның ағаш ою жұмыстары мүлдем бөлек көрмеге лайық. Құтқарушының туыстары оның қолөнерден басқа да таң қалдырарлық өнері бар екенін айтады. Бауыржан кез келген музыкалық аспапта кез келген әуенді оңай ойнай алады екен.
«Кез келген музыкалық аспапты алған ол кез келген әуенді ойнай алады. Есту қабілеті тамаша! Ол пышақпен кәдімгі ағаштан кез келген пішінді жасай алады. Емханада автордың бес картинасы ілулі тұр. Кескіндерді өзі ойлап тапты, сурет салу техникасы — «кубизм». Оның қиялы шексіз, бұған оның суреттері дәлел. Онда терең мағына жатыр», – дейді туыстары.
Қолөнер бұйымдары іссапарларда және жұмыстан бос кешкі уақытта туады. Бауыржан білімі бойынша педагог-психолог екенін айтты. Бірақ, өз мамандығы бойынша ешқашан жұмыс істемеген. 23 жыл бұрын төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметіне сүңгуір-құтқарушы болып жұмысқа орналасқан. Қазір ол Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі сүңгуір-құтқару бөлімінің бастығы.