Көмір сату және халыққа жеткізу мәселесі бойынша жалған ақпаратқа жол бермеу және оның алдын алу мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қарағанды облысы тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету туралы ресми әрі нақты ақпаратты жариялайды.
Қарағанды облысында халыққа арналған қатты отын түрін жеткізу және сату 5 көмір тиеу тұйықтары мен бір шахтада жүзеге асырылуда. Оның негізгі бөлігін (70 пайызға жуығы) «Шұбаркөл Көмір» АҚ қамтамасыз етуде. Кәсіпорын қазан айынан бері күн сайын еліміздің өңірлеріне 200 вагоннан көмір жөнелтуде. Оның 40 вагоны Қарағанды облысына тиесілі.
Ауа-райының салқындауына байланысты тұрғындар тарапынан сұраныстың артуына орай көмір өндіретін кәсіпорындарда отынды өздігінен тиейтін қосымша пунктер ашылды. Бүгінде «Шұбаркөл Көмір» тұйығындағы тиеу пункті тәулік бойы жұмыс істеуде. Аталған пункт арқылы күн сайын 5 мың тонна көмір 150-200 жүк көлігі арқылы тасымалдануда. Мәселен, 2022 жылдың 26 қазанында 178 жүк көлігіне көмір тиелді. Көмірдің бір тоннасы 8 мың теңгені құрайды. Қазіргі күнде №1 тиеу пунктіндегі кезекте 150-ге жуық жүк көлігі тұр.
Сонымен қатар аймақта тұрғындарға көмір сату 22 темір жол тұйығы мен 11 қойма арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінде ондағы көмір қоры 29 мыңнан астам тоннаны құрайды. Көмір қоры тұрақты түрде толықтырылуда.
Қарағанды қаласындағы көмір тиеудің негізгі нүктесі саналатын «ХМК» ауданында күн сайын 100-ден 160 көлікке дейін қатты отын тиеледі. Бұл жердегі отынның әрбір тоннасы 11 500 теңгеден босатылуда.
Қазіргі күнде тиеу нүктелеріндегі жұмыс жыл сайынғы халық тарапынан туындайтын маусымдық сұранысты ескере отырып штаттық режимде жалғасуда. Жүк көліктері түнде кезекке тұрып, көмір тасуды орнықты тәртіппен іске асыруда. Атап айтқанда, күн сайын таңертеңгі сағат 8:00-де негізгі тиеу нүктелерінде 50-ге тарта автокөлік кезекке тұрады. 27 қазан күні сағат 19:00-ге дейін 154 жүк көлігі тиеліп, кезекте бар болғаны 5 автомобиль қалды.
Сондай-ақ министрлік тұрғындарды көмірмен толыққанды қамтамасыз ету ел Үкіметінің жіті бақылауында екендігін атап өтті.