Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және алдын алу, комплаенс қызметтерін құру, комплаенс қызметкерлерін енгізу – осы және басқа да мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің қатысуымен Мәдениет және спорт министрлігінде өткен «Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбындағы семинар барысында талқыланды.
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен оны алдын алуды, кешенді мониторингті, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды білдіреді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді, соның нәтижесінде оларды жою бойынша шаралар қабылдайды», — деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінде 78 ведомстволық бағыныстағы ұйым бар, оның 59-ы квазимемлекеттік секторға жатады. Осы мекемелердің әрқайсысында комплаенс қызметтері немесе комплаенс-офицер лауазымы пайда болды. Олар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша жұмысты үйлестіреді. Осындай қызметтер министрлікке қарасты республикалық мемлекеттік мекемелерде де құрылуда.
«Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы ведомство ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жүйелілігіне байланысты. Осыған орай, аталған саланың маңыздылығын ескере отырып, бүгінгі жиын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің қатысуымен өтуде», — деп түйіндеді сөзін министр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері жүргізілген мониторинг нәтижелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс, оның ішінде квазимемлекеттік сектордағы негізгі бағыттары туралы айтты.