Жақсының жаттығы жоқ. Осы тәмсілді тағы бір мәрте дәлелдеген Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің кәсіпкерлері 1- маусым мерекесі қарсаңында бүлдіршіндерді қуантып, мереке ұйымдастырды.
Іскер әйелдер кеңесінің құрамындағы дизайнерлер қауымдастығының төрағасы Жанна Елтанова өз командасымен бірге Сайрам балалар үйіне түрлі тәттілер мен тарту-таралғылар алып келді. Ізгі ниетті жанның сыйлығы мұнымен шектелген жоқ. Жанна Елтанованың бастамасымен балаларға арналған шығармашылық шеберхана өз жұмысын бастады. Дизайнерлер эксклюзивті киім тігудің құпиясын үйретті, бармағынан бал тамған шеберлер балаларға қолөнер бұйымдарының қалай жасалатынын көрсетті. Суретшілер бүлдіршіндерге бейнелеу өнерінің қыр-сырын паш етсе, сән агенттігінің сұлу қыздары топ алдына шығуды, камерамен жұмыс істеуді көрсетті.
«Бүгінгі шарамыздың «Балаға білім сыйла!» деп атауымыз тегіннен тегін емес. Бүгінгі шеберлік сабағында бүлдіршіндер жаңа шығармашылық дағдыларды меңгерді. Кішкентай қолөнершілер ыдыс-аяқ пен түрлі пішімдегі құмыраларды қолдан жасағанда өздерін нағыз шебер секілді сезінді. Білезік пен бас киімдерді ою-өрнекпен кестелегенде олардың өзін шебер тігінші ретінде сезінгенін көріп қуандық. Сән әлемінің жұлдызы болуға тырысқан өнерлі балдырғандардың сахнадағы өнерінің өзі өзгеше. Бақыттан беті бал-бұл жанып, шын қуанды. Бәлкім біздің бүгінгі бастамамыздан кейін олардың шабытына қанат бітіп, атақты дизайнер, суретші тіпті модель атанар?», — дейді Жанна Елтанова.
Кәсіпкер келіншектер ұйымдастырған қайырымдылық акциясы қалалық «Жеңіс» саябағында жалғасты. Бұл шараны Шымкент қаласы Еңбекші ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Нилюфар Сайдуллаева ұйымдастырды. Шараға шақырылған әртістер мен аниматорлар көпбалалы отбасының ұландарын қуантып, концерт қойды. Кейін әр балаға сабаққа қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы, «Асыл Арман» компаниясының денсаулықты жақсартуға арналған өнімдері, ойыншықтар, тәтті сыйлықтар мен жемістер сыйланды. Балалар мен олардың ата-аналарына молынан дастархан жайылып, дәмді палау ұсынылды.
«Балалар әрқашан біздің ең үлкен бақытымыз және үмітіміз болған және солай болып қала береді. Біз бала үшін өмір сүреміз, солар үшін жұмыс істейміз, тіпті алға құрған жоспарымыз да солардың қамы үшін. Өйткені олар біздің өмірімізді мағына мен нұрға толтырады, болашаққа үміт отын оятады. Олардың келешекте қандай адам болары бізге байланысты. Ұл-қыздарымыздың арайлап атқан әр таңы мейірім мен жарқын сәттерге толы болсын. Олар туыстары мен достарының махаббатын һәм қамқорлығын сезініп өссін!» – дейді Нилюфар Сайдуллаева.
Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі балаларды қорғау күнін өткізуге ат салысқан ізгі жүректі демеушілер — Айман Сопиева, Жанна Айтқұлова, Жанна Елтанова, Алма Архабаева, Нилуфар Сайдуллаева, Жанат Кенжеқұлова, Әсел Абду, Әсем Булатова, Айгүл Асанова, Нұрислам Абдуразақов, Елена Шишляникова, Шолпан Керімбаева, Шахзода Буранова, Айнұр Айдарова, Оксана Глова, Диляфруз Давранбека, Галина Кулабухова, Люция Керимбаева, Салтанат Даирова, Гүлбану Бейсенбаева, Раушан Махашеваға үлкен алғысын білдіреді.