Ақтөбеде «Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард» және «Нұр-Әли Капитал» қаржы пирамидаларын құрғандардың соты жалғасып жатыр. Процесс КА 168/3 түзету мекемесі, яғни қоныс колониясы ғимаратында өтіп жатыр. Жәбірленушілердің бірі Айгүл Ахметқалиева алаяқтарға 11 миллион теңгесін санап берген. «14 миллион теңге қылып қайтарасың деген сөзге сендім. Ақша салғаныма бір ай болған кезде компания жабылып қалды, процент түгілі, салған ақшамды да алып үлгермедім», — дейді алданған әйел.
Алға ауданынан келген зейнеткер Шара Мұратәлиева «Гарант 24 ломбардқа» 300 мың теңгеден екі рет 600 мың теңге салған. Бірінші салымын алып, оны екі есе қылып қайта құйған. Содан кейін дымсыз қалды. «Сотталушылардан талап ететініміз – қалған ақшамызды қайтарып берсін! Проценті керек емес!», — дейді салымшы.
Бір жылдан астам уақыт жүріп жатқан сот процесінің өту барысына жәбірленушілердің көңілі толмай отыр. Олар миллилардтап ақша жымқырған сотталушыларды неге үйқамаққа шығарғанын түсінбейді. Сондай-ақ, алданғандардың сот залына кіргізбей жатқанына ашулы. «Үйқамақта отырған күдіктілер жазадан сытылып кете ме деп алаңдаймыз. Олардың ақшасы көп, жәбірленушілерге қысым көрсетуі мүмкін», — дейді Павлодардан келген салымшы Евгения Гановская.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаеваның хабарлауынша, сотталушыларды қамауда ұстау мерзімі 2022 жылғы 10-маусымда аяқталған. «Осыған байланысты, соттың қаулысымен 31 сотталушыны «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қылмыстық істі мәні бойынша қарағанға дейін «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді. Сотталушылар облыс әкімдігі берген үйде үйқамақта болады. Айыпталушылардың кейбірі өзге аймақтарда тұратындықтан, сотқа келуден жалтармасын деп сот осындай қаулы шығарды», — деді сот өкілі. «Сот процесі өтіп жатқан залға барлық жәбірленуші сыймайды, сол себепті кезекпен 3-4 адамнан кіргізіліп жатыр», — деді соттың баспасөз қызметкері.
Ресми мәлімет бойынша, қаржы пирамидасын құрды деп айыпталғандардың қатарында 48 адам бар. Оларды 60 адвокат қорғап жатыр. Ал, жәбірленушілер саны 17 мыңнан асады. Шығын көлемі — 30 миллиард 440 миллион теңгеге жуық. Қылмыстық іс 3 мың 786 томнан тұрады. Халық арасында «ғасыр алаяғы» аталып кеткен бұл істі судья әлі шамамен бір жарым ай қарайды.