Бюджеттің 14 миллион теңгесін жеп қойды деп айыпталған Темір аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жәнібек Айдашев пен оның екі сыбайласына қатысты сот отырысы аяқталып, үкім шықты.
Сот материалы бойынша, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «Кеңкияқ-СК» коммуналдық мекемесінің директорымен сөз байласып, өзінің досына тиесілі мердігер мекемемен құбырдың жөнделгені туралы жалған құжаттар жасаған. Сөйтіп, үшеуі бюджет қаражатын өзара бөліп алған.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметкері Гүлжанар Отарбаеваның айтуынша, сотталушылар кінәні толық мойындап, ұрланған қаражатты мемлекетке қайтарған. Сот үкімімен Айдашевқа 2 жыл 6 ай, ал коммуналдық мекеме директоры Советоваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылардың екеуі де өмір бойына мемлекетік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды. Ал шотқа аударылған ақшаны шығарып беріп отырған мердігер компанияның басшысы Тілеуғалиға 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнатыла отырып, бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Айта кетейік, Советова 14 жасқа толмаған баласы бар болғандықтан, жазасын екі жылдан кейін өтейді, -деді соттағылар.