Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағы күндіз жөндеуге жабылады. Бірақ рейстің бәрі кешкі сағат алтыдан кейін қабылданып, аттандырылады. Сондықтан Ақтөбеден ұшатын және келіп қонатын ұшақтарға алынған билеттерді кері қайтарудың қажеті жоқ.
Бұл туралы Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайының директоры Дастан Малиев айтты.
Бұған дейін Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағы жабылғаны хабарланған болатын. «Қазақстан авиация әкімшілігі» мамандары және Scat, Air Astana, Qazaq Air әуе компанияларының өкілдерінен құралған комиссия әуежайдың жасанды ұшу-қону жолағының жай-күйін тексеріп, жөндеуді қажет ететін тұстарын анықтаған. Яғни, әуе айлағының плиталары ішінара ауыстырылып, ұшақтың бұрылатын учаскесі жөнделуі керек. Соған қарамастан, әуе компаниялары рейстерді тоқтатпайтынын, тек ұшу кестесі түнгі уақытқа ауыстырылатынын мәлімдеген. Ұшу-қону жолағындағы жөндеу жұмыстары қазір басталып кетті. Комиссия кемшіліктерді жоюға 17-наурызға дейін уақыт беріп отыр. Кейін инспекторлар ұшу-қону жолағын қайта тексереді.
Ақтөбе әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Түркістанға күніне 10-12 ішкі рейс шығады. Бұдан бөлек, Қазан, Стамбұл, Тбилиси және Нөкіс қалаларына аптасына тоғыз рейс бар.