Ақтөбеде жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, оқиға орнында 4 адам көз жұмды. Жол апаты Покровка – Жаңажол тасжолының 75-ші шақырымында орын алды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Темір қаласынан Кеңқияқ ауылы бағытында келе жатқан ВАЗ-2113 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, КамАЗ көлігімен соқтығысқан. Жүк көлікті Мұғалжар ауданының 50 жастағы тұрғыны тізгіндеп келе жатқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2113 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар жеңіл автокөліктің тағы бір жолаушысы Кеңқияқ ауылының ауруханасына жатқызылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,-деді ведомствадағылар.