Ақтауда ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов қонақ ретінде қатысқан турнирде полицейді итеріп жіберген жарыс ұйымдастырушысы 10 тәулікке қамалды.
Бұл туралы Маңғыстау облысты Полиция департаментіндегілер мәлімдеді.
«Видеодағы адамның кім екені анықталып, Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізілді. Азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік соттың шешімімен Ақтау қаласының арнайы қабылдау орнында 10 тәулікке қамауға алу туралы қаулы қабылданды» — деді департаменттің баспасөз қызметіндегілер.
Еске салсақ, 16 шілде күні Ақтауда аралас жекпе-жектен Naiza 41 х Eagle 48 халықаралық турнирі өтіп, оған UFC-дің экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедов қонақ ретінде қатысты. Турнирге 15 мыңга жуық адам жиналған. Жарыстан соң ресейлік спортшының жанкүйерлері онымен қалай да суретке түсуге барынша ұмтылған сәттің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Спортшыны күзетшілермен бірге полиция қызметкерлері жан-жағынан қоршап алып шығып жатады. Осы сәтте белгісіз ер азамат полицейдің бірін итеріп жібергенін көруге болады. Шенді қызметкерді итеріп жіберген жігіттің жарыс ұйымдастырушысы екені белгілі болды.