Айтуларынша, әкімдік іргелес аумақты абаттандыру мен көлік қою үшін қосымша жер телімдерін табыстауды тоқтатып отыр. Ал, бұл — кәсіпкерлердің құқығын шектеу,- дейді олар.
Көп қабатты тұрғын үй салуды бастаған «Project Stroy Group» компаниясының өкілі Нұрбек Садықов жергілікті атқарушы орган құрылыс жұмысын бастауға кедергі келтіріп отырғанын айтты.
«Салынып жатқан құрылыс нысанының жобалаушысымын. Инвестициялық жоба болғандықтан мемлекеттен болатын көмектерді алдын-ала ойластырдық. Солардың бірі көлік қоятын орын мен көгалдандыру аумағы. Осыларды ескере отырып, жоба жасақталып, ол биыл қаңтар айында сәулет құрылысы бөлімімен келісілді. Соның негізінде эскиздік жобаны бекітті. Осы құжаттар негізінде құрылыс жобасы басталған уақытта көгалдандыру мен көлік қоюға арналған аумағымыз өзге адамға тиесілі екенін біліп отырмыз. Олар: «неге біздің жерге құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырсыңдар?- деп келді. Қазір құрылыс тоқтап қалды. Осындай кедергіде тап болып, прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына жаздық. Бұл жерде заң бұзушылық болған секілді. Өйткені заң жүзінде эскизді жоба бекітілді ғой ,- дейді кәсіпкер.
Өткен аптада таныстырылымы өткен жоба құрылысы қазір тоқтап тұр.
Атырау қаласының әкімдігі жалпыға ортақ пайдаланудағы мұндай учаскелерді заңсыз қоршап, заңсыз құрылыс салатын кейбір кәсіпкерлердің көбейіп кеткенін айтып отыр. Сондықтан арнайы бұйрық шығарып, іргелес аумақты абаттандыруға жер беруді тоқтатқан.
Кәсіпкерлер палатасы алаңында жиналған мамандар мәселені жан-жақты талқылады.
«Анықтай келгенде, әкімдіктің «Жер туралы» кодексті бұзылып отырғанын байқап отырмыз. 2021 жылдан бастап көкалдандыруға жер беруі тоқтатқан. Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірі өзгелерге тиіп отыр. Атырау облысында 50 мыңнан астам кәсіпкер бар. Олардың барлығы бірдей заңсыз әрекет жасап отыр деп ойламаймын. Қазір әкімдік кәсіпкер жұмысына кедергі келтіріп отыр. Сонда бұл ғимаратты көлік қою алаңынсыз қалай тапсырады? Қазір жиынға тиісті жауапты органдардың барлығы қатысып отыр. Жерге қатысты мәселелердің барлығы қаланың немесе аудан әкімінің қалауымен емес, «Жер туралы» заңмен реттелуі тиіс»,- дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.
Палата басшысының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев әкімдік мәселені шешпесе, сотқа жүгінеміз деп отыр.