20 жылдан астам тарихы бар оқу орынын Білім және Ғылым министрлігі жанындағы Сапаны қамтамасыз ету комитеті тексеріп, көптеген заң бұзушылықтарды анықтаған еді. Мәселен, оқытушылар бір уақытта әртүрлі тілде оқытатын екі түрлі топқа сабақ өткізгенімен, оқу жүктемесі бөлек-бөлек есептелген. Одан бөлек кейбір сабақтар мүлдем өткізілмепті. Нәтижесінде студенттер оқу пәндерін толық меңгермеген,- деген қорытындыға келіпті.
Ведомстваның ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева: «тест тапсырған студенттердің білім нәтижелері расталды. Яғни институт студенттерінің 90 пайызы шекті баллды жинай алмады»,- деп хабарлады.
Бірақ институт ректорының өз айтары бар. Ерсайын Ихсанов Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты лицензиядан бір ай мерзімге ғана айырғанын алға тартты. Әрі ескертулер бойынша қаулының күшіне енбегенін айтып, сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
Естеріңізге салайық, былтыр осындай тексеріс қорытындысымен елімізде 9 ЖОО жабылды.