Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғадан соң перинаталдық орталыққа жан-жақты тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жаңа туған аналар мен шақалақтарды бақылауда және ұйымдастыру жұмыстарында кемшіліктерді анықтапты. Осылайша өзге мамандармен бірге бас дәрігерді тәртіптік жауапкершілікке тартпақшы болған. Алайда ол кеше лауазымдық қызметтен кету туралы арыз жазыпты. Қазір денсаулық сақтау басқармасы арызды қарау үстінде.
Дегенмен басқармадағылар анасы ренгент кабинетіне кеткенде сәбиді ақ халаттылар қарауы тиіс екендігін айтты.
«Олар тәулік бойы бақылауда болуы керек. Негізі нәрестені анасы қарайды. Ал ол флюрографияға түсуге кеткен кезде пост акушері балалар медбикесіне ескерту қажет. Ал ол күні екі пост акушерінің бірі денсаулығына байланысты жұмысқа шықпаған. Ал аға медбике оның орнына жауапты адам қоймаған. Орталықта ұйымдастыру жұмыстары ақсап тұр,- деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова.
Айта кетейік, оқиға 9 маусым күні болған. Анасы рентген кабинетіне кеткен кезде баласы жылауын тоқтатпаған соң, палатадағы өзге жас ана жұбату үшін қолына алады. Алайда әлсіздіктен еденге құлатып алған еді. Қазір оқиғаның жай-жапсарын полицейлер тергеп жатыр.