Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылы тұрғындарының айтуынша, бір үй опырылып құлаған. Баспанасы су астында қалған ауылдықтар қазір мәдениет үйіне көшірілді. Ауыл тұрғындары төрт түлік малды жеке көлігімен тасып әлекке түсіпті. Облыс орталығында осы жағдайға байланысты жедел штаб құрылып, арнайы техникалармен жасақталған құтқарушылар тобы аттандырылды. Сонымен қатар су басуы мүмкін аймақтарды төтеншеліктер тікұшақ арқылы әуеден барлаған.
Сонымен қатар, Шыңғырлау ауданында жолды су шайып, бірнеше ауылмен байланыс үзілді. Қардың тез еріп, Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолының бірнеше жерін су басқан. Әзірге елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жергілікті әкімдік тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған. Бүлінген жолды қалпына келтіру судың беті қайтқаннан кейін жүргізілмек. Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова жағдайдың бақылауда екендігін айтып сендірді:
— Қазір бұл ауылдармен қатынас жоқ. Бірақ науқас адамдар, жүкті әйелдер қауіпсіз жерге шығарылды. Ауылдарда азық-түлік жеткілікті. Мал азығынан да тапшылық жоқ. Бір-екі күнге шыдауы тиіс. Оған дейін судың беті қайтады деп ойлаймын.