Түркістан облысы, Арыс қаласында түнгі уақытта дүкенге ұрлыққа түскендер оп-оңай қолға түсті. Ұрлық жайтына қатысты ұсталған күдікті екі ер азамат дүкеннен 200 мың теңге мен 30 дана темекіні жымқырып кеткен.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 250 мың теңгені құрайды. Жедел-іздестіру тобы бейнекамераның көмегімен екі азаматты анықтады. Олар Шымкент қаласынан ұсталды. Екеуі де бұған дейін ұрлық қылмысы бойынша сотты болған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.
Ведомства мәліметінше, күдіктілердің бірі — Шымкент қаласының, ал екіншісі – жергілікті тұрғын. Олардың бірінің бұдан басқа да 5 ұрлық жайтына қатысы бары анықталған. Полицейлер оның ұрлық жайттары бойынша жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр екен.