Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, мұндай жағдай жүз жылда бір рет болатын көрініс. Енді ғана отыққан киіктің лақтарымен бірге алаңсыз жайылып жүрген аппақ құралайға тәнті болған халық енді еліміздің ырыс-берекесі артып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды деп жақсылыққа балап жатыр. Әдетте киіктің түр-түсі табиғат мезгіліне сай құбылып тұрады. Мысалы, көктем мен жазда қызыл-қоңыр түсті болатын сайын даланың еркесін халық жезкиік деп еркелетсе, күз бен қыста түсі бозғыл тартқасын ақбөкен деп те әспеттейді.
Бірақ БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арман Ізімғалиев бұл видеоның біздің елде емес, осыдан 2 жыл бұрын Ресейде түсірілгенін мәлімдеді. Астрахань облысы «Степной» қорығында осындай түсі ерекше құралай туған екен. Айтуынша, биыл киіктердің төлдеу маусымы ерте басталды. Киіктерді ерекше қорғауға алған инспекторлардың сөзінше, өткен жылы бөкен саны 550 мыңнан асса, биыл 1 миллионға жетуі мүмкін.