Казталов пен Жаңақала аудандарының халқын алакөз қылған су Ресей Федерациясынан Қараөзенге ағып келеді. Осы ырыздықты Казталов ауданы өзіне алып қалғысы келеді, өйткені ауданға қарасты он ауылдың 11 мыңға тарта тұрғыны ауыз суды өзеннен алып ішеді. Ал төмендегі Жаңақала ауданы су берілмесе, тіршілік нәрінен тарығамыз деп отыр. Өйткені бұл ауданда 500-ден аса шаруа қожалығы, 70 мыңдай ірі қара мен 200 мыңға тарта қой-ешкі бар. Соңғы жылдары Жаңақала ауданындағы су көздерінің көбі құрғап қалған.
— Су ішемін деп сорға түскен сиыр мен жылқы батпаққа батып, талайы арам қатты. Су болмағасын, жайылымдық жердің де құнары кетіп барады. Шөптің де шығымы нашар. Суы ащы болған соң құдықтардың да пайдасы шамалы. Аудан аумағындағы көлтабандарда соңғы 4 жылда су болмады. Мұндай жерде егін егу түгілі, мал бағудың өзі қиындап кетті. Соңғы екі-үш жылда шөп қымбаттап, көктемде көтерем мал қырылды. Сондықтан Ресейден келетін суды екі ауданға тең бөлу керек. Әйтпесе жағдайымыз жылдан жылға нашарлап барады, — дейді Жаңақала ауданының тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Оразалинов.
Бірақ мұнымен Казталов ауданының тұрғындары келіспейді. Тіпті ауылдың 200-дей жігіті жиылып, Жаңақала ауданына су жібермек болған «Қазсушар» РМК БҚОФ мамандарына қарсы шығыпты. Жанжалдасып, жаға жыртысуға әзір тұрған жігіттерге ауыл ақсақалдары басу айтып, тіпті полиция араласты. Қазір ортақ шешіммен су жиналған арна жырылып, Жаңақала ауданына су жіберілді. Бірақ екі ауданның халқы мұнымен мәселе шешілмейтінін айтады. Өйткені Ресейден тегін келетін суды текке ысырап қылмау үшін жаңа су қойма салынуы тиіс. Су ұстайтын бөгеттерде гидроқұрылғы, су есептегіш құрылғы орнатылуы тиіс. Бірақ «Жалпақтал» су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы әлі жасалмапты.
— Су екі ауданға әділ бөлінуі тиіс. Бірақ су ұстайтын бөгеттерге қақпа орнатылуы керек. Қазір бәрі бізде ашық-шашық, иесіз жатыр. Бұл іс кешенді түрде шешілгенін қалаймыз. Кезінде Суландыру жүйесі мекемесі болды. Сол кезде мұндай мәселе болмайтын. Өйткені егжей-тегжейлі зерттелді. Мысалы, Жаңақалаға қажетті су мөлшері аққан соң, бұл қақпалар жабылуы тиіс. Өйткені қалған су текке далаға ақпай, ысырап болмауы керек. Егер осы жұмыстар қолға алынбайынша, мұның бәрі бос айқай-шу болып қалады, — дейді шаруа Руслан Ибатов.
Бүгінде Жаңақалаға тіршілік нәрі Көшім каналы арқылы Жайықтан және Қарөзен мен Сарыөзен арқылы Ресейден жетеді.