Бәйтерек ауданының тұрғыны қызына анықтама алу үшін орталық ауруханаға барыпты. Әкесінің қасында ойнап жүрген бүлдіршін залдағы тумбаға мінбекші болады. Осылайша жиһазды айналшықтап, тартқыштауға кіріседі. Осы кезде ауыр теледидар сәбидің үстіне құлап кеткен. Баласын жалма-жан теледидардың астынан шығарып алған әкесі жедел жәрдем бөліміне жеткізеді. Сол жерде педиатр қарап, Бас сүйегі мен кеудесі рентгенге түсіріледі, сосын ауырсынуды басатын дәрі егіліпті. Бірақ ауыр соққы алған қыздың халі нашарлап кеткен. Осыдан кейін облыс орталығындағы мамандармен кеңесіп, санавиация шақыртылыпты.
Қазір екі жасар бүлдіршін облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция ҚР ҚК 114-бабы 3-бөлігі бойынша (абайсызда денсаулыққа зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғаған. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сакпусунованың айтуынша, баланың бас сүйегі сынып, субарахноидальды қан кетті деген диагноз қойылған. Ауыр соққыдан бүлдіршіннің бет сүйегі сынған. Жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты.