БҚО Жаңақала аудандық соты 60 жастағы дәрігер Жарқын Тілешовке қатысты сот үкімін шығарды. Аудандық ауруханада анестезиолог болып қызмет атқарған ол ҚР ҚК 317-бабы бойынша айыпты деп танылған еді. Бірақ оқиғаның мерзімі өтіп кеткендіктен, дәрігер қылмыстық жазадан құтылып кетті. Дегенмен сот жәбірленушінің талабын қанағаттандырып, сотталушы Жарқын Тілешов марқұм Бибінұр Нығметованың отбасына 6 миллион теңге моральдық өтемақы, сонымен қатар 920 мың теңге материалдық өтемақы төлейтін болды. Жәбірленуші жақ бұған дейін одан 155 миллион теңге моральдық және материалдық өтемақы талап еткен еді.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 24 сәуірінде 44 жастағы Бибінұр Нығметова есімді жүкті әйел ауруханада қансырап көз жұмған еді. Тексере келгенде аурухана дәрігерлерінің қолдан құжат толтырғаны және дұрыс ем көрсетпегені анықталды. Дәрігердің ағаттығынан жүкті келіншек көз жұмып, құрсағындағы шарана да шетінеп кетті. Марқұмның артында төрт баласы қалды.