Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ашық Абаттың айтуынша, оқушылар сеніп тапсырылған бұл құрылғыларды мұқият қолданбаған. Осының кесірінен тегін таратылған планшеттердің үштен бірі істен шығыпты. Арадағы келісімшарт бойынша ата-аналар бұл техниканы жарамды күйінде кері қайтаруы тиіс екен. Бірақ олардың көбі — көпбалалы отбасылар. Сондықтан бүлінген бұйымды жөндеуге қаржысы жоқ әрі планшетті жөндетіп беруі екіталай. Амалы таусылған шенеуніктер әзірге планшеттердің қай бөлшегі сынғанын анықтап алмақ. Кінәліні содан кейін іздейді.
— Бұл компьютерлік техника онлайн сабақта қолдану үшін берілді. Бірақ енді балалы үйде түрлі жағдай болады ғой. Планшеттің бағдарламасынан ақау шығуы немесе бала ойнап жүріп, басып кетуі әлде жерге құлатып экранын сындырып алуы мүмкін. Қазір жарамсыз техниканың қалай істен шыққанын тексеріп жатырмыз. Содан кейін жөндеуге беріледі. Бірақ бұл шығын ата-аналардан өндіріле ме әлде білім басқармасы қаржы бөле ме, ол жағын әзір тап басып айта алмаймын. Нақты айтарым, жаман айтпай жақсы жоқ, тағы да карантин жарияланар болса — оқушылар компьютерсіз қалмайды!, -дейді БҚО білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ашық Абат.
Естеріңізге сала кетейік, пандемия кезінде Үкіметтік резервтен 2,3 млрд теңге бөлініп, батысқазақстандық оқушыларды қашықтан оқыту үшін компьютер, ноутбук пен планшет сатып алынды. Бірақ оқушыларға берілген 2018 планшеттің үштен бірі бүлінгені мәлім болды.