Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «ДәмДәсTour» ресторандар жәрмеңкесінің үздік ресторандары анықталды. Ресторан өкілдері 6 номинация бойынша жәрмеңкеге қатысқан болатын. Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздарды қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов марапаттады. Атап айтқанда, “Үздік Fast-Food” — Кофе молка (1 орын), “Үздік самса” — Камал ата (кесе самса, 1 орын), “Үздік шашлык” — Сафари (1 орын), “Үздік кондитерлік өнім” — Мадлен (1 орын), “Үздік наурыз көже” — Блинчик (1 орын), “Үздік палау” номинациялары — Афрасиаб (1 орын) ресторандарына берілді.
Жалпы, аталған жәрмеңкенің алғашқы күнінде келушілер саны артуда. Қазірдің өзінде алаңға келген адам саны 5000-ға жуықтаған. Айта кетерлігі, Шымкент Халықаралық әуежайы әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, Наурыз мерекесіне орай берілген демалыстың алғашқы күнінде Шымкент қаласына 3 500-ге жуық адам ұшып келген. Олардың қатарында Дубай мен Бішкектен және Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларынан келушілердің саны басым.
Сондай-ақ, келушілер арасында ресторан басшылығы атынан арнайы конкурстар ойнатылды. Ресторандардың тарихына қатысты сауалдар қойылып, жеңімпаздарға әр рестораннан түрлі соммада сертификаттар берілді. Одан өзге, «City hotel», «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйлерінен ақысыз бір күндік демалысқа сертификат ойнатылды,-деді қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының баспасөз қызметі.