Елімізде енді eGov mobile қосымшасында тек биометриялық деректер арқылы тіркелуге болады. Бұрынғыдай SMS хабарлама күтудің қажеті жоқ және пайдаланушылардың деректерінде қауіпсіздік сақталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында жазды. «Қазір eGov mobile — бұл өте ыңғайлы қосымша және халыққа қызмет көрсету орталықтарында алатын қызметтерді осы жерден жылдам алуға болады. Атап айтқанда, 400 мемлекеттік қызмет және жеке тұлғаларға арналған e-license қызметтері, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін қоса алғанда, 18 сандық құжат бар» делінген министр жазбасында.
Бағдат Мусин өз жазбасында биометриялық деректер арқылы тіркелуге тоқталып өтті.
«Digital ID жүйесі арқылы алдын ала бейне-сәйкестендіруден өтіп, ЭЦҚ кілттерін алу қажет. Өзім арнайы кіріп көрдім, 2-3 минут уақытымды алды. Қазір әріптестеріміз қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді телефоннан жылдам алуға көмектесетін мүмкіндіктерді іске асыру бағытында тиісті жұмыстар атқаруда» деп сөзін түйді министр.