Жоғары оқу орындарының басшылары қол жеткізген академиялық көрсеткіштер мен бюджеттің атқарылуы туралы халық алдында есеп беруі тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Шенеунік Facebook парақшасында Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы өз оқырмандарына есеп берді.
«Білім және ғылым министрі ретінде қызметімді аяқтаған соң атқарылған жұмыс туралы есеп беруді маңызды деп санаймын. Осы мақсатта барлық ғалым мен университет оқытушысына хат жазып, электронды пошталарына жолдадым. Хатта отандық жоғары білім мен ғылымды дамыту үшін бірлесіп қабылдаған маңызды шешімдер мен атқарылған іс-шараларды атап өтуге тырыстым. Қабылданған барлық нормативтік құқықтық акті, шешім және олардың себептері көрсетілген есептің толық нұсқасы жеке жарияланады» делінген жазбада.
Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының оқытушыларымен бірге жұмыс істеу үлкен мәртебе болғанын атап өткен.
Өз есебінде министр жоғары оқу ордаларына тоқталды.
«Жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам форматына көшірілді. Бұл түскен табысты мемлекеттік бюджетке жібермей, университетті дамыту үшін бағыттауға мүмкіндік береді. Корпоративтік басқару – университеттерді дамытудың өте перспективалы құралы. Әрине, бұл реформа барлық ректордың көңілінен шықты деп айту қиын, өйткені енді университет бюджетін тек ректор бір өзі ғана бақылап, басқара алмайды. Директорлар кеңесі мен ЖОО басқармалары ректор өз позициясын қорғай алатын алқалы органдар ретінде әрекет етеді» делінген жазбада.
Асхат Аймағамбетов директорлар кеңесіне азаматтық қоғам өкілдерінің көптеп тартылғаны да өте маңызды екенін алға тартқан.
«Енді ұлттық жоғары оқу орындары ғана емес, барлық университеттің ректорлары жыл сайын қол жеткізген академиялық көрсеткіштер жайында ғана емес, бюджеттің атқарылуы туралы да халық алдында есеп беруге тиіс»,-деді ол.
Еске салсақ, ағымдағы жылдың 11 маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылған болатын.